Өнер • 26 Сәуір, 2018

 «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбомы жарық көрді

1245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шәмші шығармашылығы бүгінде ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған. Қаламынан сырлы да, сазды әуендер қағазға түскен композитор шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін өзгеше бір әлем. 

 «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбомы жарық көрді

Жақында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Arna-b» баспасынан жарық көрген «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабы композитор шығармашылығын, өмірін жаңа бір қырынан танытқандай.

ҚР Ұлттық кітапханасында өткен кітаптың тұсаукесеріне жиналған қауым Шәмші өмірінен сыр шертті. Жобаның авторы композитор шығармашылығын зерттеуші, композитор Қ.Құрманәлі фотоальбомның тарихынан бірқатар деректерді ортаға салды. Ал мемлекет және қоғам қайраткері А.Тшанов, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д. Ө.Айтбайұлы, жазушы-публицист Қ.Сәрсенбай, белгілі сатирик К.Әмірбек, а.ш.ғ. докторы, профессор А.Асанов, «Arna-b» баспасының директоры Б.Ойса, т.б. композитор туралы естеліктерді ортаға салды.

Ауқымды жинақ жеті бөлімге жіктеліпті. «Менің Қазақстаным» деп аталатын алғашқы бөлім композитордың отанға деген сүйіспеншілігі, туған өлке туралы әндеріне арналған. Ал екінші бөлім - «Өмір-өзен». Бөлімде композитор өмірінің әр кезеңдерін қамтыған фотошежірелер бар. «Сол бір кез есімде...» деп аталатын бөлімде композитор туралы естеліктер жинақталса, ары қарай жалғасын тапқан «Шәмшінің әні»,«Сарғайған суреттер сыры», «Аманат», «Шәмші-мұра» бөлімдерінде оқырманын бей-жай қалдырмайтын әсерлі кездер топтастырылған.

Кеш соңында С.Қалымов, Т.Әшімбекова, Е.Оспан «Ән аға», «Сыған серенадасы» әндерін шырқап, көпшілікті әсем әуезге бөледі.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы